A- A A+
«Көкшетау қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ
kokshe_qr
Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауы

5 қазан 2018
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУI: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС
САПАСЫН АРТТЫРУ

Құрметтi қазақстандықтар!

Бiз тәуелсiздiк жылдары көп жұмыс атқардық.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивтi мемлекет құрып, бейбiтшiлiк пен қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз еттiк.

Сапалы әрi тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргiздiк.

Қазақстанның халықаралық беделiнiң артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлiнiң күшеюiне қол жеткiздiк.

Бiз өңiрлiк және жаһандық проблемаларды шешу iсiне зор жауапкершiлiкпен қарайтын жауапты әрi қалаулы халықаралық серiктес ретiнде танылдық.

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерi арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiн өткiзу үшiн әлемдiк қоғамдастық таңдап алған бiрiншi мемлекет болды.

Бiз Еуразия өңiрiнiң қаржылық, iскерлiк, инновациялық және мәдени орталығы ретiнде қалыптасуын қамтамасыз етiп, жаңа елордамыз — Астананы салдық.

Халық саны 18 миллионнан асып, өмiр сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеттi.

Бiз берiк экономикалық негiз қалыптастырдық.

Соңғы 20 жыл iшiнде елiмiзге 300 миллиард АҚШ доллары көлемiнде тiкелей шетел инвестициясы тартылды.

Экономиканы өркендетудiң негiзi саналатын шағын және орта бизнес нығайып келедi.

Дүниежүзiлiк Банктiң бизнес жүргiзу жеңiлдiгi рейтингiнде Қазақстан 190 елдiң iшiнде 36-шы орынға көтерiлдi.

Бiз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезiнде назар аударып, оларға дайын бола бiлдiк.

Соған байланысты, мен елiмiздi жаңғырту жөнiнде қажеттi бағдарламалық бастамалар жасадым.

Олардың жүзеге асырылуы табысты дамуымыздың негiзгi факторына айналды.

Бiздiң стратегиялық мақсатымыз — 2050 жылға қарай әлемдегi озық дамыған 30 елдiң қатарына қосылу.

2014 жылы елiмiздiң инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешендi бағдарламасын iске асыруды бастадық.

Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жарияладық.

Содан кейiн елiмiздiң Үшiншi жаңғыруына кiрiстiк.

Оның басты мiндетi — Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық өсiмнiң жаңа моделiн құру.

Елiмiздiң орнықты дамуы өмiр сүру деңгейiн одан әрi арттыруға деген зор сенiм ұялатады.

Бiз жаңа мiндеттердi атқаруға дайынбыз.

Құрметтi отандастар!

Соңғы кездерi әлемдiк саяси және экономикалық трансформация үдерiстерi күшейе түстi.

Әлем қарқынды түрде өзгерiп келедi.

Мызғымастай көрiнген жаһандық қауiпсiздiк жүйесiнiң тұғыры мен халықаралық сауда ережелерi бұзылуда.

Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендiруде.

Қаржы жүйелерiнiң мүлде жаңа архитектурасы түзiлуде.

Бұл орайда қор нарықтары кезектi қаржы дағдарысына алып келуi мүмкiн жаңа «сабын көбiгiн» үрлеуде.

Бүгiнде жаһандық және жергiлiктi проблемалар тоғыса түсуде.

Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудiң және мемлекеттiң табысқа жетуiнiң кепiлi елдiң басты байлығы — адамның даму мәселесi болып отыр.

Үкiмет, әрбiр мемлекеттiк органның, мемлекеттiк компанияның басшысы жұмыс тәсiлдерiн өзгертуi қажет.

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуi басты басымдыққа айналуға тиiс.

Мен лауазымды тұлғаның жеке тиiмдiлiгiн және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.

* * *

Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсiмi мен тұрмыс сапасына байланысты.

I. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУI

Адам еңбекқор болып, өз кәсiбiн жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсiп ашып, оны дамытуға мүмкiндiк болған кезде табыс артады.

Мемлекет пен адамдардың күш бiрiктiруiнiң арқасында ғана бiз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.

Бiрiншiден, Үкiметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгi жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейiн өсiрудi тапсырамын.

Бұл барлық сала бойынша түрлi меншiк нысандарындағы кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тiкелей қамтиды.

Бюджеттiк мекемелерде жұмыс iстейтiн 275 мың қызметкердiң еңбекақысы көбейiп, орта есеппен 35 пайызға өседi.

Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.

Осыған орай, ендi, ең төменгi жалақы ең төменгi күнкөрiс шегiне байланысты болмайды. Ең төменгi жалақының жаңа мөлшерi бүкiл экономика ауқымындағы еңбекақы өсiмiнiң катализаторына айналады.

Төмен жалақы алатын қызметкерлердiң еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы iрi компаниялар қолдайды деп сенемiн.

Екiншiден, бизнестi өркендетудiң тұрақты көздерiн қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркiндiгiн қолдау керек.

Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлiгi табыспен қамтамасыз етiледi.

БIРIНШI. Бiз 2010 жылдың өзiнде «Бизнестiң жол картасы — 2020» бағдарламасын iске қостық.

Өңiрлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиiмдiлiгiне көз жеткiздiм.

Бағдарламаның қолданылу мерзiмiн 2025 жылға дейiн ұзарту керек.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшiн жыл сайын қосымша кемiнде 30 миллиард теңге бөлудi қарастыру қажет.

Бұл 3 жыл iшiнде қосымша кемiнде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсiруге және 3 триллион теңгенiң өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бередi.

ЕКIНШI. Экономикада бәсекелестiктi дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметi үшiн белгiленетiн тарифтер саласында тәртiп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек.

Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтiң жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлi күнге дейiн ашық емес.

Монополистердiң инвестициялық мiндеттемелерiне тиiмдi мониторинг пен бақылау жүргiзiлмей отыр.

Үкiмет 3 ай мерзiм iшiнде осы мәселемен айналысып, бәсекелестiктi қорғау функциясын елеулi түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек.

Бұл — маңызды мәселе, ол бизнес үшiн кететiн шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.

ҮШIНШI. Бизнестi заңсыз әкiмшiлiк қысымнан және қылмыстық қудалау қаупiнен қорғауды арттыра түсу керек.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөнiндегi қылмыстық жауапкершiлiктiң қолданылу шегiн, айыппұлды өсiре отырып, 50 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiн арттыруды тапсырамын.

Сондай-ақ, негiзгi мiндетi көлеңкелi экономикамен күрес болуға тиiс Қаржы мониторингi комитетiне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметiн қайта құру қажет.

Бiз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек.

Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестiң қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн.

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкiмшiлендiрудiң ашықтығын арттырады.

Үкiмет үш жыл iшiнде экономикадағы көлеңкелi айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшiн нақты шаралар қабылдауға тиiс.

Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшiн 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негiзгi сомасы төленген жағдайда, өсiм мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшiн «салық амнистиясын» жүргiзуге кiрiсудi тапсырамын.

ТӨРТIНШI. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесi экономикалық саясаттың негiзгi элементi болуға тиiс.

Үкiмет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруi қажет.

Бiздiң сауда саясатымызда селқостық болмауға тиiс.

Оған бiздiң тауарларымызды өңiрлiк және әлемдiк нарықта iлгерiлететiн белсендi сипат дарыту керек.

Сонымен бiрге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игерiп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшiн кәсiпорындарымызға көмектесу қажет.

Бұл экспорттық әлеуетiмiздi жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ iшкi нарықты отандық тауарлармен толтыру үшiн де маңызды.

Үкiметке өңдеу өнеркәсiбi мен шикiзаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Басымдығы бар жобаларға қолжетiмдi несие беру мiндетiн шешу үшiн Ұлттық банкке кемiнде 600 миллиард теңге көлемiнде ұзақ мерзiмге қаржы бөлудi тапсырамын.

Үкiмет Ұлттық банкпен бiрлесiп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуi керек.

Iрi әрi серпiндi жобаларды жүзеге асыру үшiн шетелдiк инвесторлармен бiрлесiп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс iстейтiн Шикiзаттық емес секторға бөлiнетiн тiкелей инвестиция қорын құру мәселесiн қарастыру қажет.

Сондай-ақ, көлiк-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын iлгерiлету жөнiндегi жұмыстарды жандандыру керек.

Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетiмiздi пайдалану үшiн сырттан келетiн және iшкi туризмдi дамытуға ерекше көңiл бөлу қажет. Үкiмет қысқа мерзiмде салалық мемлекеттiк бағдарлама қабылдауға тиiс.

БЕСIНШI. Агроөнеркәсiп кешенiнiң әлеуетiн толық iске асыру керек.

Негiзгi мiндет — еңбек өнiмдiлiгiн және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнiмiнiң экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.

Мемлекеттiк қолдаудың барлық шараларын елiмiзге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.

Бiз икемдi әрi ыңғайлы стандарттарды енгiзу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделдi шетелдiк мамандарды — «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздiк тәжiрибесiн пайдалануымыз керек.

Ауыл кәсiпкерлерiне шаруашылық жүргiзудiң жаңа дағдыларын үйрету үшiн жаппай оқыту жүйесiн қалыптастырған жөн.

Үкiметке алдағы 3 жыл iшiнде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемiнде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.

АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистiк секторларды дамытуға ерекше көңiл бөлген жөн.

Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернетi, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын iлгерiлетудi қамтамасыз ету қажет.

Елiмiздiң жаһандық әлемдегi орны мен рөлi келешекте нақ осыларға байланысты болады.

Үкiметке Назарбаев Университетiмен бiрлесiп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбiр бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзiрлеудi тапсырамын.

Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзiрлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бiрi бола алады.

ЖЕТIНШI. Нақты экономиканы өркендету үшiн қаржы секторының рөлiн күшейтiп, ұзақ мерзiмдi макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.

Бағаның өсуi, қаржыландыруға қолжетiмдiлiк, банктердiң орнықтылығы — мiне, осы мәселелер көбiне қазiр жұрттың қызығушылығын тудырып отыр.

Ұлттық банк Үкiметпен бiрлесiп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешендi саясат жүргiзу мәселелерiн жүйелi түрде шешудi бастауы керек.

Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсiресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнестi несиелендiрудi ұлғайту өте маңызды.

Сондай-ақ, зейнетақы активтерi мен әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң ресурстарын басқару тиiмдiлiгiн арттырып, баламалы қаржы құралдарын — құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.

Бизнестi шетел инвестициясымен, капиталға қолжетiмдiлiкпен қамтамасыз ету iсiнде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиiс.

Бiз жеке сотты, қаржы реттеуiшiн, биржаны арнайы құрдық.

Барлық мемлекеттiк органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсендi пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.

* * *

Аталған шаралардың тиiмдi жүзеге асырылуы жалақының өсуi мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебiнен қазақстандықтардың табысын арттырады.

Бұл үдерiстер әрдайым Үкiметтiң басты назарында болуға тиiс.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Әл-ауқатымыздың екiншi бiр сипаты — өмiр сүру деңгейiнiң артуы.

Бiлiм берудiң, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдiң сапасы мен қолжетiмдiлiгi, жайлы және қауiпсiз жағдайда өмiр сүру мәселелерi әрбiр қазақстандық отбасына қатысты.

Осыған орай, Үкiмет әлеуметтiк секторға, қауiпсiздiк пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиiс.

БIРIНШI. 5 жыл iшiнде бiлiм, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты iшкi жалпы өнiмнiң 10 пайызына дейiн жеткiзу қажет.

Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулi түрде арттыруды қамтамасыз ететiн тиiстi реформаларды жүзеге асыру үшiн бағыттау керек.

ЕКIНШI. Мектепке дейiнгi бiлiм беру сапасын түбегейлi жақсарту керек.

Ойлау негiздерi, ақыл-ой мен шығармашылық қабiлеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.

Бiлiм беру iсiнде 4К моделiне: креативтiлiктi, сыни ойлауды, коммуникативтiлiктi дамытуға және командада жұмыс iстей бiлуге басты назар аударылуда.

Бұл салада бiлiктiлiк талаптарын, оқыту әдiсiн, тәрбиешiлердiң және балабақшадағы басқа да қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн қайта қарау қажет.

Бiлiм және ғылым министрлiгi әкiмдiктермен бiрлесiп, биыл тиiстi «Жол картасын» әзiрлеуi керек.

ҮШIНШI. Орта бiлiм беру жүйесiнде негiзгi тәсiлдер белгiленген, қазiргi кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн.

Назарбаев зияткерлiк мектептерiнiң оқыту жүйесi мен әдiстемесi мемлекеттiк мектептер үшiн бiрыңғай стандарт болуға тиiс. Бұл мектеп бiлiмiн реформалаудың қорытынды кезеңi болады.

Бiлiм сапасын бағалау жүйесi халықаралық стандарттарға негiзделуге тиiс.

Орта мектептердiң өзiнде балаларды мейлiнше сұранысқа ие мамандықтарға бейiмдеп, кәсiби диагностика жүргiзу маңызды.

Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалiмнiң оқу жүктемесiн азайтуға мүмкiндiк бередi.

Балалар қауiпсiздiгiнiң маңыздылығын ескерiп, бүкiл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесiмен қамтамасыз етудi, мектеп психологтарының жұмысын күшейтудi және басқа да дәйектi шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.

Бiлiм алудың қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетiспейтiнi, мектептердiң үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлiнше сезiлiп отырған өңiрлер үшiн Үкiметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.

ТӨРТIНШI. Келесi жылы «Педагог мәртебесi туралы» заңды әзiрлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

Бұл құжат мұғалiмдер мен мектепке дейiнгi мекемелер қызметкерлерi үшiн барлық игiлiктi қарастырып, жүктеменi азайтуға, жөнсiз тексерiстер мен мiндеттен тыс функциялардан арашалауға тиiс.

БЕСIНШI. Жоғары бiлiм беру iсiнде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтiледi.

Бiз гранттардың санын көбейттiк, ендi жауапкершiлiктiң кезеңi келдi.

Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийi — оқу бiтiрген студенттердiң жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.

Жоғары оқу орындарын iрiлендiру саясатын жүргiзу қажет.

Нарықта жоғары сапалы бiлiм берудi қамтамасыз ететiндерi ғана қалуға тиiс. Назарбаев Университетiнiң тәжiрибесiне сүйенiп, үздiк шетелдiк топ-менеджерлердi жұмысқа тарту арқылы әлемнiң жетекшi университеттерiмен әрiптестiк орнату маңызды.

Қазiргi бiлiм инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетiнiң үлгiсiмен өңiрлiк жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын.

АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтiк көңiл-күйiнiң аса маңызды компонентi болып саналады.

Ең алдымен, әсiресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң қолжетiмдi болуын қамтамасыз ету қажет.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететiн қызметкерлердi ынталандыру үшiн 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу iсiн басқарудың жаңа тәсiлдерiн енгiзген учаскелiк медицина қызметкерлерiнiң жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтудi тапсырамын.

Осы мақсаттарға келесi жылы 5 миллиард теңге бөлiнедi.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргiзуге көшуге тиiс.

Бұл 2020 жылға қарай бүкiл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектердi, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкiндiк бередi.

Осыған дейiн жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердiң тәжiрибесiн пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек.

Осылайша бiз көптеген адам өмiрiн сақтап қаламыз.

ЖЕТIНШI. Өңiрлiк деңгейдегi резервтердi тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетiмдiлiгiн арттыру қажет.

Үкiметке және әкiмдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенiн салуды тапсырамын.

Сондай-ақ, қолданыстағы, әсiресе мектептердегi спорт ғимараттарын тиiмдi пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшiн аулаларды, парктердi, саябақтарды жабдықтау қажет.

СЕГIЗIНШI. Ұлт саулығы — мемлекеттiң басты басымдығы. Бұл — қазақстандықтар сапалы азық-түлiктi пайдалануға тиiс деген сөз.

Бүгiнде халықты сапасыз әрi денсаулыққа және өмiрге қауiп төндiретiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.

Үкiметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтiрудi тапсырамын.

Келесi жылдан бастап Тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет сапасын және қауiпсiздiгiн бақылау комитетi жұмысын бастауға тиiс.

Оның қызметi, ең бастысы, азық-түлiкке, дәрi-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргiзудi қамтитын болады.

Бұл үшiн заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етiп, бiлiктi мамандар штатын қалыптастыру қажет.

Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтiп, оларды белсендi пайдаланған жөн.

Бiз әрдайым бизнеске көмек көрсетемiз, бiрақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ.

Мемлекет әкiмшiлiк кедергiлердi азайту барысында көптеген тексерiстен, рұқсат беру және басқа да рәсiмдерден бас тартты.

Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қауiпсiздiгi үшiн бизнес қоғамдастығы да жауап бередi.

Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бiрлесiп азаматтарымыздың қауiпсiздiгi мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етудi де ойлауы керек.

* * *

Халыққа сапалы әлеуметтiк қызмет көрсету iсi тұрғын үй жағдайын жақсарту, елiмiздегi кез келген елдi мекенде жайлы әрi қауiпсiз өмiр сүру сипатындағы мол мүмкiндiктермен үйлесiмдi түрде толыға түсуге тиiс.

III. ӨМIР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Жайлылық дегенiмiз — ең алдымен, тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгi, ауланың әдемiлiгi мен қауiпсiздiгi, тiршiлiкке және жұмыс iстеуге қолайлы елдi мекеннiң және сапалы инфрақұрылымның болуы.

БIРIНШI. Сапалы әрi қолжетiмдi тұрғын үй.

Бүгiнде бiз тұрғын үй құрылысына зор серпiн берiп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты iске асырудамыз.

Тұрғын үй ипотекасының қолжетiмдiлiгiн арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды.

Әкiмдерге жергiлiктi бюджет есебiнен жеңiлдетiлген ипотека бойынша алғашқы жарнаны iшiнара субсидиялау мәселесiн пысықтауды тапсырамын.

Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру бiлiктiлiгi жоғары педагогтер, медицина қызметкерлерi, полицейлер және өңiрге қажеттi басқа да мамандар үшiн ипотеканың қол жетiмдiлiгiн арттырады.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтары үшiн iрi қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.

Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшiн тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкiндiк бередi.

Бюджет есебiнен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлiк инфрақұрылым жүргiзудi қоса алғанда, мемлекет бес жыл iшiнде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетедi.

ЕКIНШI. Елiмiздiң аумақтық дамуына жаңа тәсiлдер енгiзудi қамтамасыз ету қажет.

Бүгiнде жетекшi елдердiң экономикасы, көбiне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады.

Әлемдiк iшкi жалпы өнiмнiң 70 пайыздан астамы қалаларда түзiледi.

Бiздiң өз тұрмыс салтымыз тарихи қалыптасты, моноқалалары мен шағын облыс орталықтары бар аграрлы экономика басымдыққа ие болды.

Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшiн миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланың болуы, соның iшiнде 2 қаланың тәуелсiз Қазақстан дәуiрiнде осы қатарға қосылуы — үлкен жетiстiк.

Астана мен Алматы елiмiздегi iшкi жалпы өнiмнiң 30 пайыздан астамын қазiрдiң өзiнде қамтамасыз етiп отыр.

Бiрақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсiпорындар мен тұрғындардың жедел өсiп келе жатқан қажеттiлiктерiне сай бола бермейдi.

Соңғы жылдары бiз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық.

2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделдi. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейiн қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға берiледi.

Ендi өңiрлiк және қалалық инфрақұрылымды жүйелi түрде дамытқан жөн.

Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемi арты: жергiлiктi маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейiн, ауылдық жерлердi сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейiн қаражат бөлiндi.

Әкiмдер осы қаражаттың есебiнен өңiрлердегi мейлiнше өткiр проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек.

Үкiмет бұл мiндеттi жүйелi қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тiзiмiн жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерiн iздеп табуы қажет.

Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елдi мекендердi дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшiн жағдай жасаған жөн.

Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделiнен «адамдар инфрақұрылымға» моделiне бiрте-бiрте көшу қажет.

Бұл елдi мекендердi iрiлендiру iсiн ынталандырып, бөлiнетiн қаражатты пайдалану тиiмдiлiгiн арттыратын болады.

Әрбiр өңiр мен iрi қала бәсекеге қабiлеттiлiктiң қолда бар басымдықтарын ескерiп, өзiндiк орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделiне сүйене отырып дамуға тиiс.

Осыған орай, тiрек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейiнгi түрлi елдi мекендер үшiн өңiрлiк стандарттар жүйесiн әзiрлеу керек.

Бұл стандарт әлеуметтiк игiлiктер мен көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң тiзiмi мен қолжетiмдiлiгiнiң, көлiк, мәдени-спорттық, iскерлiк, өндiрiстiк, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлудiң нақты көрсеткiштерiн және басқа да мәселелердi қамтуға тиiс.

Экологиялық ахуалды жақсарту, соның iшiнде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердiң, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрiнде еркiн қолжетiмдi экологиялық мониторинг жүргiзу жүйесiн дамыту жөнiндегi жұмыстарды күшейту қажет.

Мүмкiндiгi шектеулi тұлғаларға арналған «кедергiсiз орта» қалыптастыруға зор мән берiлуге тиiс.

2019 жылдың 1 қыркүйегiне дейiн Елiмiздiң басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Елiмiздiң 2030 жылға дейiнгi аумақтық-кеңiстiктiк дамуының болжамды схемасын әзiрлеудi тапсырамын.

Практикалық шараларды жүзеге асыру үшiн нақты iс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемiн көрсете отырып, Өңiрлердi дамытудың 2025 жылға дейiнгi прагматикалық бағдарламасын әзiрлеудi тапсырамын.

Өңiрлiк дамудың аталған аспектiлерi iске асырылу мерзiмдерi 2025 жылға дейiн ұзартылуға тиiс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттiк бағдарламаларында ескерiлуi керек.

Бiрiншiсi көлiк инфрақұрылымын дамытуға, екiншiсi — коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы мiндеттердi шешуге бағытталуға тиiс.

Бұл бағдарламалардың «екiншi тынысын» ашу керек.

ҮШIНШI. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерiстер қажет.

Қауiпсiздiк тұрмыс сапасының ажырамас бөлiгi болып саналады.

Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүрiедi, көбiне өз басын қатерге тiгiп, азаматтарды қорғайды.

Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлi жақсаруын күтiп отыр.

Үкiметке Президент Әкiмшiлiгiмен бiрлесiп, «Iшкi iстер органдарын жаңғырту жөнiндегi жол картасын» қабылдауды тапсырамын.

Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиiс.

Бiрiншiден, Iшкi iстер министрлiгiнiң штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзiне тиесiлi емес функциялардан арылту қажет.

Үнемделген қаражатты полицейлердiң жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтiк мәселелерiн шешуге бағыттаған жөн.

Екiншiден, полиция қызметкерiнiң жаңа стандартын бекiтiп, мансаптық iлгерiлеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен iрiктеу жүйесiн өзгерту керек.

Қызметкерлердiң бәрi қайта аттестациялаудан өтуге тиiс. Тек үздiктерi ғана қызметiн жалғастырады.

Үшiншiден, халықпен жұмыс iстеудiң жаңа заманауи форматтарын енгiзiп, полицияны бағалаудың критерийлерiн түбегейлi өзгерткен жөн.

Полицияның жұмысын сервистiк модельге көшiру қажет.

Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керiсiнше, қиын жағдайда көмек көрсетушi деген түсiнiк орнығуы керек.

Қалалық және аудандық iшкi iстер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшiн қолайлы жағдай жасау қажет.

Қазақстанның бүкiл қалаларын қоғамдық қауiпсiздiкке мониторинг жүргiзу жүйелерiмен жабдықтау керек.

Қоғам тарапынан бiлдiрiлген сенiм деңгейi және халықтың өзiн қауiпсiз сезiнуi полиция жұмысын бағалаудың негiзгi өлшемдерi болуға тиiс.

ТӨРТIНШI. Сот жүйесiн одан әрi жаңғырту.

Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты мiндет — соттарға деген сенiмнiң жоғары деңгейiн қамтамасыз ету шешiмiн таппай отыр.

Сонымен қатар, құқық үстемдiгi — бiздiң реформаларымыздың табысты болуының негiзгi факторы.

Бiрiншiден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгiзудi жалғастырған жөн.

Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын iске қатысады.

Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады!

Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететiн артық сот рәсiмдерi қысқаруға тиiс. Бұрын адамдардың жеке өздерiнiң келуi талап етiлсе, қазiр оны алыстан жүзеге асыруға болады.

Екiншiден, сот жүйесiнiң сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етiп, үздiк заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.

Үшiншiден, әсiресе бизнес пен мемлекеттiк құрылымдар арасындағы сот арқылы шешiлетiн дау-дамайды қарау кезiнде түсiнiктi әрi болжамды сот тәжiрибесi керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкiндiктерiн жою қажет.

Жоғарғы сотқа Үкiметпен бiрлесiп, жыл соңына дейiн тиiстi шаралар кешенiн әзiрлеудi тапсырамын.

* * *

Кез келген реформаларды iске асыру барысында өзiнiң барлық iс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрi тиiмдi мемлекеттiк аппарат маңызды рөл атқаратын болады.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙIМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТIК АППАРАТ

Жаңа кезең жағдайында мемлекеттiк аппарат қалай өзгеруге тиiс?

БIРIНШI. Мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн түбегейлi арттыру.

«Сапа» — мемлекеттiк қызметшi өмiрiнiң жаңа стилi, ал өзiн-өзi жетiлдiру — оның басты қағидаты болуға тиiс.

Жаңа формацияның мемлекеттiк қызметшiлерi мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиiс.

Бұл арқылы тұрақты керi байланыс орнығып, мемлекеттiк саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерi қызу талқыланып, жұртшылыққа түсiндiрiледi.

Мемлекеттiк басқару академиясы Назарбаев Университетiмен бiрлесiп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезiнде арнайы қайта даярлаудан өткiзетiн курстар әзiрлеу қажет.

Үздiк шетелдiк компанияларда жұмыс тәжiрибесi бар немесе әлемнiң жетекшi университеттерiнде бiлiм алған жеке сектордағы кәсiби мамандарды тарту маңызды.

Биыл бiз 4 мемлекеттiк органға жалақы төлеудiң жаңа моделiн енгiздiк.

Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетiп отыр.

Мемлекеттiк қызметке қызығушылық артты, әсiресе өңiрлiк деңгейде оның өзектiлiгi жоғары.

Тиiмсiз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебiнен төменгi және орта буындағы қызметкерлердiң жалақысы 2 — 2,5 есе өстi.

Кадрлардың жұмыстан кетуi 2 есе қысқарды.

Беделдi жоғары оқу орындарын бiтiрген түлектердi қоса алғанда, бiлiктiлiгi жоғары кадрлардың жеке сектордан келуi 3 есе артты.

Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнде орталық аппаратқа арналған конкурс бiр орынға 28 адамға дейiн, ал өңiрлiк құрылымдарда бiр орынға 60 адамға дейiн өстi.

Маңғыстау облысының әкiмдiгiндегi 1 бос орынға ендi 16 адам, ал Әдiлет министрлiгiнде орта есеппен 13 адам үмiткер болып отыр.

Астанада мемлекет-жекеменшiк әрiптестiк аясында iске асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруға қатысты жаңа тәсiлдер есебiнен ғана 30 миллиардтан астам теңге үнемделдi.

Еңбекақы төлеудiң жаңа моделiне көшу үшiн мемлекеттiк органдардың басшыларына «бюджеттiк-кадрлық маневрдi» жүзеге асыруға құқық бердiм.

Олар үнемделген қаражатты қызметшiлердiң жалақысын арттыруға бағыттау мүмкiндiгiн алды.

Қазiргi уақытта көптеген мемлекеттiк органдар жаңа модельге көшудi қалап отыр.

Ең бастысы — олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрiнен бұрын, жұмыстарының тиiмдiлiгiн арттыру деп түсiнуi керек.

Еңбекке төленетiн қаржының өсiмi бюджет шығысын, соның iшiнде бағынышты мекемелердiң шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебiнен өтелуiн бақылауда ұстауды тапсырамын.

Бұл жерде аталған жобаның беделiн түсiрмес үшiн формализм мен теңгермешiлiкке жол бермеу қажет.

ЕКIНШI. Осы күрделi кезеңде бөлiнетiн әрбiр теңгенiң қайтарымының мол болуына қол жеткiзу керек.

Тексерiстер нәтижелерi айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзiрлеу кезеңiнде-ақ арттырылып көрсетiледi.

Соңына дейiн жеткiзiлмейтiн немесе перспективасы жоқ екенi әуел бастан белгiлi болған жобалар бар.

Егер жүктелген iске жауапкершiлiк танытатын болсақ, бюджеттiң жүздеген миллиард теңгесiн үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетiне бағыттауға болады.

Үкiмет тиiмсiз әрi уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшiн жүйелi шаралар қабылдауы қажет.

ҮШIНШI. Сыбайлас жемқорлықпен белсендi күрес жалғасатын болады.

Бiрiншiден, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер аясында мемлекеттiк қызметшiлердiң тұрғындармен тiкелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткiзген жөн.

Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсiмдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердiң бiрi болып саналады.

Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткiзе алмай отыр.

Жер қоры мен жылжымайтын мүлiк нысандары туралы мәлiметтердiң бiрыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.

Осы мәселе бойынша тәртiп орнатып, жердi нақты инвесторларға беру керек!

Бұл — бiр ғана мысал.

Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиiстi жұмыстар жүргiзу керек.

Жалпы, 2019 жылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң 80 пайызы, ал 2020 жылы кемiнде 90 пайызы электронды форматқа көшiрiлуге тиiс.

Сол үшiн Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек.

Екiншiден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бiрiншi басшылардың жеке тәртiптiк жауапкершiлiгiн күшейту мәселесiн пысықтау қажет.

Сонымен қатар, адал жұмыс iстейтiн қызметкер тексерушiлерден қорықпауға тиiс.

Үшiншiден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңiрлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөнiндегi тәжiрибесiн тарату керек.

ТӨРТIНШI. Үкiмет пен барлық мемлекеттiк органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет.

Соңғы кездерi Үкiметтегi, мемлекеттiк органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердiң саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулi түрде көбейдi.

Үкiмет әкiмдердiң және олардың орынбасарларының қатысуымен күнiне 7 кеңес өткiзетiн кездерi де болады.

Олар қай кезде жұмыс iстейдi?

Мұны доғарып, бұл мәселенi ретке келтiру керек.

Өздерiне нақты мiндеттемелер алуға және солар үшiн жария түрде есеп беруге тиiс министрлер мен әкiмдерге шешiм қабылдау еркiндiгiн ұсыну қажет.

Елiмiздiң 2025 жылға дейiнгi дамуының стратегиялық жоспарының әзiрленген көрсеткiштер картасы бұған негiз болуға тиiс.

БЕСIНШI. Қойылған мiндеттердi тиiмдi жүзеге асыру үшiн реформалардың жүргiзiлуiне бақылау механизмдерiн күшейту қажет.

Үкiмет пен мемлекеттiк органдар жыл соңына дейiн дамудың аталған барлық мәселелерiн қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзiрлеуге тиiс, сондай-ақ реформаларды iске қосу үшiн қажеттi заң жобаларының бәрiн Парламентке уақтылы енгiзуi керек.

Өз кезегiнде, Парламент оларды сапалы әрi жедел қарастырып, қабылдауға тиiс.

Реформалар мен негiзгi стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргiзiп, бағалау үшiн қажеттi өкiлеттiктер бере отырып, Президент Әкiмшiлiгiнде Ұлттық жаңғыру офисiн құруды тапсырамын.

Бұл офис статистикалық көрсеткiштерге мониторинг жүргiзуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжiрибесiне сәйкес, тұрғындар үшiн өзектi мәселелер жөнiнде халық пен бизнес өкiлдерi арасында тұрақты түрде сауалнама жүргiзудi қамтамасыз етедi.

Офис әрбiр бағыт бойынша қалыптасқан жағдай жөнiнде маған үнемi баяндап отырады.

Үкiметтiң әрбiр мүшесi, мемлекеттiк органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған мiндеттердiң орындалуына дербес жауап беретiн болады.

V. ТИIМДI СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшiн бастамашыл белсендi сыртқы саясатты одан әрi жүзеге асыру қажет.

Бiздiң бейбiтсүйгiш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзiн-өзi толық ақтап отыр.

Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады.

Толыққанды интеграциялық бiрлестiк әрi әлемдiк экономикалық қатынастардың белсендi мүшесi ретiнде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс iстеуде.

Орталық Азия өңiрiнде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды.

Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серiктестiгiмiз дәйектi түрде дамып келедi.

«Бiр белдеу — бiр жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпiн бердi.

Менiң қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргiзген келiссөздерiм барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтiлген стратегиялық серiктестiгi жөнiндегi уағдаластыққа қол жеткiзiлдi.

Бiз сауда және инвестиция саласындағы iрi серiктесiмiз — Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра беремiз.

ТМД елдерiмен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерiмен өзара тиiмдi екi жақты қатынастар дамып келедi.

Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенция Каспий маңы елдерiмен ынтымақтастықтың жаңа мүмкiндiктерiне жол ашады.

Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Қауiпсiздiк Кеңесiндегi миссиясын абыроймен аяқтап келедi.

Сирия жөнiндегi Астана процесi бейбiт жолмен реттеу және осы елдiң дағдарыстан шығуы жөнiнде тиiмдi жұмыс жүргiзiп жатқан бiрден-бiр келiссөздер форматына айналды.

Сонымен қатар, қазiргi күрделi жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейiмделудi және ұлттық мүдденi прагматизм қағидаттарына сәйкес iлгерiлетудi талап етедi.

* * *

Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенiм мен халықтың бiрлiгi ғана ел тағдырын шешкен.

Бiрлескен күш-жiгерiмiздiң арқасында ғана бiз ұлы асуларды бағындыра аламыз.

VI. ӘРБIР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛIМIЗДЕГI ӨЗГЕРIСТЕР ҮДЕРIСТЕРIНЕ АТСАЛЫСУЫ

Әрбiр қазақстандық жүргiзiлiп жатқан реформалардың мәнiн және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсiнуге тиiс.

Реформаларды табысты жүзеге асыру үшiн қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерiстерiне зор серпiн бердi.

Бұл бастаманы әрi қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.

Жастар мен отбасы институтын кешендi қолдау мемлекеттiк саясаттың басымдығына айналуға тиiс.

Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтiк сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.

Келесi жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.

Бiз ауылдық жерлердiң әлеуметтiк ортасын жаңғыртуға кiрiсуiмiз қажет.

Бұған арнайы «Ауыл — Ел бесiгi» жобасының iске қосылуы септiгiн тигiзедi.

Бұл жоба арқылы өңiрлердегi еңбекке қатысты идеологияны iлгерiлетудi қолға алу керек.

Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспiрiмдер бiрлестiгiн құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенiң рөлiн күшейткен жөн.

«Өз жерiңдi танып бiл» жаңа бастамасы аясында елiмiздiң өңiрлерi бойынша жаппай мектеп туризмiн қайта жаңғырту керек.

Бүгiнде халықтың әлеуметтiк көңiл-күйiн айқындайтын негiзгi салаларда теңдессiз шаралар ұсынылып отыр.

Бастамалардың қаржылық көлемi1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсерi одан да көбiрек. Бұл халықтың өмiр сүру деңгейiн арттыруға зор серпiн бередi.

Бұл — ең сенiмдi әрi тиiмдi инвестиция.

Қымбатты қазақстандықтар!

Халқымыздың бақуатты өмiр сүруi және елiмiздiң озық дамыған 30 елдiң қатарына қосылуы — Тәуелсiз мемлекетiмiздiң мәңгiлiк мұраты.

Бiз қашан да заман сынына тегеурiндi iс-қимылмен төтеп берiп келемiз.

Бұл — ең алдымен, ел ынтымағының арқасы.

«Ынтымақты елдiң ырысы мол» дейдi халқымыз.

Бүгiнгi кезеңнiң де талабы оңай емес.

Бiрлiгiмiз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, бiз үшiн алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Мен әрбiр жолдауымда халықтың әлеуметтiк жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән берiп келемiн.

Қазiргi «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттiк бағдарламалардың басты мақсаты — халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.

Қазақстанның бағындыратын биiктерi әлi алда.

Осы жолда халық сенiмi рухымызды жiгерлендiрiп, бойымызға күш-қайрат дарытады.

Сол сенiмдi ақтаудан артық мұрат жоқ!

Мақаланың шыққан күні: 20.06.2018 16:57
Парақтағы соңғы өзгерістер: 30.04.2020 12:24

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2024 «Көкшетау қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ
Яндекс.Метрика
Сопровождение сайта: «Компания ИНТЕГРО»